Шындық… Сізге керегі қандай шындық?

немесе

«САРЫАҒАШ ОҚИҒАСЫНАН» НЕ ТҮЙДІК?

Абай БАЛАЖАН,

«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде екі қазақ кездесе қалса, біріншісі «Ассалаумағалайкум, Уағалайкумассаламнан» кейінгі әңгімені «е, несін айтасың, заман өзгерді ғой…» дегеннен бастайды. Оған екіншісінің де жауабы дайын. «Заманның өзгерген ештеңесі де жоқ, күн сол орнынан шығады, сол орнынан батады, өзгерген адам. Адамның пиғылы бұзылды ғой, бұл күнде».

Бұл әңгіме кеше де дәл осылай айтылатын. Біз ес білгелі осылай айтылып келе жатыр. Біріншісі «заман өзгерді» дейді, екіншісі «жоқ, өзгерген заман емес, адам» дейді. Жасыратын несі бар, көп адам екінші пікірге құлайтын. «Заман өзгерген жоқ, адам өзгерді» дегенге басты көбірек шұлғитын.

Бірақ… бүгінде басты осы екі пікірге де шұлғу керек болып тұр.

Заман өзгерді. Өзгергенде де қатты өзгерді. Кешегі құндылықтарыңыз бүгінге жарамай қалды. Бұрын баласын молдаға бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп беретін қазақ қазір «баламды неге ренжітесің?» деп мұғалімді мектепке келіп сабап кететінді шығарды. Сабауға әлі келмегендер сотқа сүйрейді. Себебі, бұл заман – заңның заманы. Бұрын сөзі көп адамнан жиренетін қазақ бүгінде бәлеқорды төрге шығарып, алдына бас тартады. Мектепті ілдебайлап әрең бітірген сорлы блогер атанып, «сөз ұстап тұр». Заман – әлеуметтік желінің, яғни соның заманы да. Құдайға шүкір, әлеуметтік желі деген бар, жақсының сәл айыбы болса (бұл жерде сыбайлас жемқорлар, трайбалистер, ұры-қарылар мені айтып отыр екен деп қуанбай-ақ қойсын), әлгі бәлеқор фейсбукке салады да жібереді. Адамдар «ана бәлеқор бүгін не жазыпты?» деп әлеуметтік желілерді аңдып отыратынды шығарды. Біреудің айыбын естісек немесе көрсек қуанатын болдық. Бұрын біреудің айыбы болса, оны бүкіл ауыл жасырып ұстайтын. Тіпті үлкендер оны бала-шағасынан жасыратын.

Ұрпақтары қазір де арамызда жүргендіктен атын айтудың реті келмей тұр, ауылда бір апамыз болды. Жатқан жерің жайлы болғыр, нағыз адамның төресі еді. Баласының беделі ауылды айтасыз, аудан асып, облысқа кеткен, тіпті Пәленшекеңді Қазақстанда біраз адам танитын. Әлгі ағамыздың анасы дегенде шығарда жаны бөлек еді, өз кезегінде апамыз да «е, Құдай, Пәленшемнің жамандығын көрсете көрме» деп отыратын. Апамыз бір немересін көтеріп, бір немересін арқалап, екі немересі етегіне оратылып кетіп бара жатқанда үлкендер жағы «е, «бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деген осы да» деп сүйсініп отыратын. Апамыз сексенінші жылдардың соңын ала дүниеден озды. Мен сол апамыздың Пәленше ағамыздың өгей шешесі екенін осы беріде ғана естіппін. Онда да пәнәйі бір себептермен. Атамыз бірінші әйелі бала үстінде кеткеннен кейін осы апамызды алыпты. Тағдыры шығар, бұл апамыз бала көтермеген. Әрине, біраз жерге қаралған. Бірақ Құдай бермесе қайтеді, сосын «Пәленшені өзім тудым» деген де атамыздың түтінін түтетіп отыра берген. Соны біздің үлкендер жағы білмеді ғой дейсіз бе?! Білгенде қандай! Бірақ оны айту, оны біреуге сүйіншілеу ол кезде сорлылықтың ең соңғы деңгейі болып есептелетін.

Қайбір жылы біреу (азамат деуге тілім икемге келмей отыр) әлеуметтік желі арқылы бір әріптесінің әкесі мен шешесінің ертеректе ажырасып кеткендігін жалпақ жұртқа жариялап, өзінің «көп нәрсені білетіндігін» ишаралады. Жарайды, ол қасиетсіздің өзі кім, сөзі кім, алайда, сол постқа ел басқарып жүрген біраз «жақсы» да «лайк» басты. Әрине, олардың көпшілігі әлеуметтік желіге жалған атпен тіркеліп алған. Басқарма басқарып, мекеме басқарып отырғандар осылайша әлгі қасиетсіздің сөзін шырылдаған шындыққа балады. Егер шындығыңыз сол болса, мен үшін ондай шындықтың атасына мың нәлет!

Шындық демекші, бүгінде Сарыағаштағы жеті жасар балаға байланысты әңгіме ел арасында қауға тиген өрттей болып тұр. Жұрт жұмысты ұмытқан. «Сарыағаш жақтан қандай әңгіме шығып қалады екен» деп елеңдеп отырған біреу.

Әңгіменің аудан, облысты былай қойып, республикаға шығып кетуіне не себеп? Біздіңше, ең бірінші себеп құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өз жұмыстарына салғырт қарауы. Арыз сол күні тіркеліп, оқиғаның анық-қанығы жедел зерттеліп, әділ шешім уақтылы шығарылса, біздіңше осынша дүрбелең тумас еді. Жеті жасар баланың туыстары жала жауып тұрса, оның жауабы берілуі керек еді, жала жаппаған болса, екінші тарапқа шара көрілуі керек еді.

Ал, бұл жайсыз әңгіменің бүкіл елді шарлап кетуінің одан да үлкен себебі біздің осы сөзге тым құмарлығымыздан емес пе?! Кейбір «шындықтардың» мына мазасыздау қоғамға тіпті де керек емес екендігін білу үшін соншалықты ақылды болудың қажеті қанша?

Қазір Сарыағаштағы оқиғамен Бас прокуратураның өзі шұғылданып жатыр. Көп кешікпей тергеу нәтижесі де шығар. Не баланың зорланғаны рас екен дер, не өтірік екен дер. Рас болса мына тарап, өтірік болса баланың әжесі жауапқа тартылар. Алайда, қандай шешім шықса да, ол жеті жасар бүлдіршіннің келешек тағдырына оңай болмайын деп тұр… Біз, үлкендер, «шындық, шындық» деп есалаңдана бермей, қайта бұл оқиғаны қоғамның есінен тезірек шығарып жіберуге тырыссақ, қанеки! Тиісті адамдар жазасын ала жатар, бірақ анық бүлдіршінге жанымыз ашиды екен, ол әшейін жаман түс көріп оянғандай ғана болуы керек. Ол үшін арнайы білімді психолог болудың да, дипломның да қажеті шамалы. Бойымыздан кешегі әулие шалдардың парасаты, пайымы табылса жетіп жатыр. Сол парасат-пайым табыла ма, мәселе сонда! Кінәлілерді аямай жазалай отырып, бұл оқиғаны шындық іздегенсіп, қайта-қайта дүңкілдете берудің түк те қажеті жоқ. Бүлдіршіннің бүкіл болашағын тас-талқан ететін «шындыққа» бүкіл парасатты адамдар нәлет айтуы керек! Бүкіл қоғам нәлет айту керек! Кінәлілерге нәлет айтқандай.

«Шындық» іздеп жүрген адамдар қазір бір шындықты естен шығарып алғандай. Жеті жасар бүлдіршін үш жарым айлығынан әжесінің қамқорлығында. Себебі анасы байғұс күнкөрістің қамымен түзде жүр. Үш жарым айлығынан әжесінің қойнында жатқан бала, үстіне әжесінің иісі сіңіп қалған бала өзін кім туғанын білсе білетін шығар, бірақ кемпірге бауыр басып қалмауы мүмкін емес. Қазақ ондайды бір-ақ ауыз сөзбен «бала тапқандікі емес, баққандікі» дейді. Баланың құқын қорғап, «күндіз күлмей, түн ұйықтамай» жүрген Аружан Саинға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, бірақ оның қазақы тәрбиенің уызынан қанып ішкеніне күмәніміз бар. Егер қазақы тәрбиенің уызына қанып өскен болса, баланың тапқандікі емес, баққандікі екенін жақсы білуі керек еді. «Бала анасынан ажырамау керек» деген Батыстың гуманистік қағидасын қанша жерден мойындасақ та, ұлттық ерекшеліктерді де естен шығармауымыз керек. Біздің жүрек жеті жылдан бері бірге тұрып келе жатқан шүйкедей кемпір мен қалақтай бала бір-бірімен тезірек табысса дейді. Жарайды, бұл бөлек тақырыптың бодауына жүретін әңгіме…

Бақыттың үлкені туған еліңнің ұйыған тыныштықтың құшағында өмір сүруі. Одан үлкен бақыт жоқ! Бұл бақытқа ешкім оңайшылықпен қол жеткізе алмайды. Жүгінің ауырлығынан нарлар шөккен жол – ол! Елдің бақыты үшін нар көтерген жүкті көтерген ерлер кеше де болған, бүгін де бар. Тілесек, Құдайдан сондай ерлердің тілеуін тілейік! Тыныштығың кетсе, басыңнан бағыңның таюы демде. Міне, бүгінгі күннің шындығы осы! Қалған «шындықтарың» бұл шындықтың қасында не, тәйірі!

…Ал, «Сарыағаш оқиғасының» кінәлілері жазасын алуы тиіс. Мейлі ол кім болса да! Бірақ айқайға қиқу қосып, елді азан-қазан қылып жіберудің қажеті жоқ. Бүгінгі жеті жасар бүлдіршініңнің, ертеңгі болмағанда бір үйдің азаматының келешек тағдыры үшін. Аталарымыз талай мәселені ың-шыңсыз-ақ бітіріп еді ғой. Ал, біз сол текті аталардың ұрпағы емес пе едік!

Дереккөзі: http://okg.kz/article/?id=12476&slug=shyndyk-sizge-keregi-kandaj-shyndyk

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*