Көз — қорқақ, қол — батыр

Н.НАЗАРБАЕВ: «Қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастауымыз керек. Бiз бұл мәселеге неғұрлым дәйектiлiк қажеттiгiн терең түсiнiп, байыппен қарап келемiз және оған кiрiсуге Тәуелсiздiк алғаннан берi мұқият дайындалдық».

 

Қазақ әлiпбиi – қазақ тiлi әрiптерiнiң жүйелi тiзбегi, қазақ халқының мәдени өмiрiнде басқа да түркi халықтарымен бiрге пайдаланылып келген әртүрлi әрiп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесi. Ұлттың тiлдiк ерекшелiгiне сай дұрыс таңдап алынған әрiп тiлдiң, руханияттың кемелденiп дамуына жол ашса, бұрыс таңдап алынған әрiп тiлдiң құлдырауына алып келедi. Сондықтан ұлттық тiлдiң сақталуында әрiптiң алатын орны ерекше.

 

VI-VII ғасырларда Еуразия құрлығында көне түркiлердiң руникалық жазуы, яғни «Орхон-Енисей жазуы» қолданыста болса, халқымыз ислам дiнiн қабылдаған соң руникалық жазулар бiртiндеп ысырылып, араб тiлi мен араб әлiпбиi таралды, Х ғасырдан ХХ ғасырға дейiн, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әлiпбиi қолданылып келдi.

Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн, 1917 жылдың мамыр айында мектептi шiркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегiн, мiндеттi оқуға тарту жөнiндегi бағдарламаның қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында елеулi өзгерiстердi талап еттi.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпiне негiзделген жаңа әлiпбиге көшу мәселесi көтерiлдi. Араб әрпiн жақтаушылар мен латын әрпiн жақтаушылар арасында тартыс күшейдi. Дегенмен, 1924 жылдың жазында Орынборда өткен қазақ-қырғыз бiлiмпаздарының тұңғыш съезiнде А.Байтұрсынов бастаған араб әрпiн қолдаушылар басым түсiп, араб әрпiне лайықталған қазақ графикасы қабылданды.

1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкiлодақтық I түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында қызу пiкiрталас өттi. Осы съезден кейiн түрiк республикаларында жаңа әлiпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әлiпбиiнiң қолайлылығын түсiндiру болды.

1927 жылы түрiк республикалары комитеттерiнiң бастамасымен жаңа әлiппенiң Бүкiлодақтық Орталық комитетi құрылды. Бұл комитет түркi елдерiмен бiр бағыттағы жаңа әлiпби жасау, мектеп жасындағы балалар мен ересектерге арналған әлiппелер шығару, латыншыларға жәрдем берерлiк нұсқау кiтаптарын шығару, баспаханалар үшiн жеткiлiктi латын әрпiн дайындау, латыншылар қоғамы мен ұйымдарының ережелерiн басып шығару, латыншылар қоғамын, ұйымдарын ашу және жандандыру үшiн газет-журналдар арқылы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу, әлiпби жұмысына басшылық қылатын адамдар даярлау сияқты жұмыстарды тез арада атқаруға тиiс болды.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитетi мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесiнiң Президиумы латындандырылған жаңа әлiпби – «Бiртұтас түркi алфавитiн» енгiзу туралы қаулы қабылданып, латын әлiпбиiнiң негiзiнде жазу үлгiсi жасалынып, ол 1929 жылдан 1940 жылға дейiн қолданылып келдi.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әлiпбиден орыс графикасы негiзiндегi жаңа әлiпбиге көшiру туралы» заң қабылданып, кириллицаға ауыстырылды. Осылайша қазақ тiлiнiң әлiпбиiн өзгерту тарихы негiзiнен нақты саяси себептермен айқындалып келдi.

Латын әлiпбиiне көшу туралы мәселе Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдардан бермен қарай көтерiлiп, халық арасында кеңiнен айтылып, әралуан жұмыстар жүргiзiлiп келедi.

Латын әрпiне көшу туралы 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХII сессиясында, одан кейiн 2012 жылғы Жолдауында: «Бұл ой елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн менi жиi мазалады. Бiрақ, бiз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пiкiрi бар. Қазiргi кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бiрнеше буыны тәрбиеленiп, бiлiм алды. Өмiрдi таныдық, дүниенi көрдiк. Сондықтан латын қарпiне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейiн қатар қолданылады, екеуi бiразға дейiн бiрге пайдаланылады деп ойлаймын» дей келiп: «Бiз 2025 жылдан бастап әлiпбиiмiздi латын қарпiне, латын әлiпбиiне көшiруге кiрiсуiмiз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиiс принциптi мәселе. Бiр кезде тарих бедерiнде бiз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшiн осындай шешiм қабылдауға тиiспiз және бұл әлеммен бiрлесе түсуiмiзге, балаларымыздың ағылшын тiлi мен интернет тiлiн жетiк игеруiне, ең бастысы, қазақ тiлiн жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.

Елбасы биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Таяу жылдардағы мiндеттер» атты тарауында: «қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастауымыз керек» деп бiрiншi мiндет етiп қойып отыр.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХII сессиясында: «Қазақ әлiпбиiн латынға көшiру жөнiндегi мәселеге қайта оралу керек. Бiр кездерi бiз оны кейiнге қалдырған едiк. Әйтсе де, латын қарпi коммуникациялық кеңiстiкте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның iшiнде посткеңестiк елдердiң латын қарпiне көшуi кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың iшiнде мәселенi зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиiс. Әлбетте, бiз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшiлiктерiн зерделеп алуымыз керек» деп, «жетi өлшеп, бiр рет кесу» керектiгiн баса айтқан болатын. Соған сәйкес, Түркия, Әзiрбайжан және Өзбекстанның тәжiрибелерiн зерттеп, қарастыру үшiн 2007 жылдың көктемiнде ғылыми iссапар ұйымдастырғаны есiмiзде.

Iссапар барысында қазақ ғалымдары осы елдерде әлiпби реформасын жасауға белсене қатысқан мемлекеттiк, үкiметтiк, лингвистикалық комиссиялар құрамына мүше болған беделдi ғалымдарымен, қоғам қайраткерлерiмен және осы мәселенi егжей-тегжейлi зерттеген тұлғалармен сұхбат, кездесулер өткiздi. Олардағы әлiпби реформасының кемшiн тұстары мен жетiстiктерi жан-жақты сараланды. Нәтижесiнде өз бағытымызды айқындап алдық. Өйткенi, бұл мәселе үлкен жауапкершiлiкпен келуiмiздi талап етедi.

Ғалымдар, әдебиетшiлер, көпшiлiк қауым арасында латын әрпiне көшу мәселесiне қатысты екi жақты пiкiр байқалады. Ол, әрине табиғи нәрсе. Мысалы, Түркияда жаңа әлiпби жобасын енгiзуде М.К.Ататүрiктiң бастамасымен 1928 жылдың орта шенiнде қабылданған заң бойынша барлық iсқағаздар мен әкiмшiлiк мекемелер 5 айдың iшiнде латын графикалы жазуға көштi. Кезiнде латын әрпi халықтың талқысына салынбай, психологиялық дайындыққа аз уақыт берiп, бiрден жаңа жазуды енгiзiп жiбергенi қате болды деп есептесе, бүгiнде оны кемшiлiктен гөрi көреген саясат жетiстiгi деп бағалайды.

Бiз латын әрпiне көшкенде не ұтамыз? Белгiлi ғалым Шәкiр Ыбыраев әлiпбидi латынмен ауыстырғанда ұтатын жақтарымызды былай таратады: Бiрiншiден, тiл тазалығы мәселесi. Тiлiмiздегi қазiргi жат дыбыстарды таңбалайтын әрiптердi қысқартып, сол арқылы қазақ тiлiнiң табиғи таза қалпын сақтауға мүмкiндiк аламыз. Екiншiден, қазақ тiлiн оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердiң қысқаратыны белгiлi. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдiсiн жеңiлдетедi. Уақыт та, қаржы да үнемделедi. Үшiншiден, латын әлiпбиiне көшу қазақ тiлiнiң халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тiлiне компьютерлiк жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңiстiгiне кiрiгуге тиiмдi жолдар ашылады. Төртiншiден, түбi бiр түркi дүниесi, негiзiнен, латынды қолданады. Бiздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуiмiз керек.

Бесiншiден, өз тарапымыздан қосатынымыз, ең бастысы, қазiргi таңда, Қазақстан мен посткеңестiк республикалардағы қазақтар – кириллица, Қытай Халық Республикасындағы қазақтар – араб, Түркия, Германия, АҚШ-тағы қазақтар латын әрпiндегi жазуды пайдалануы, бiр қазақ ұлтының бiр-бiрiнiң жазуын түсiнбеуiне алып келiп отыр. Латын әрпiндегi жазу дүниенiң түкпiр-түкпiрiндегi қазақтарды бiр-бiрiне жақындататын едi.

Алтыншыдан, Парламент тыңдауына ұсынылған жобадағы латын әрпiндегi 25 әрiптi сәйкестендiрiп ала отырып, қазақтың төл 9 әрпiн қосарлы таңбамен емес, бiр таңбамен таңбалау оқуға, жазуға жеңiл болар едi. Сондықтан тiл мамандары осы мәселе төңiрегiнде халық мүддесiне сай дұрыс шешiм жасағаны жөн. Осы тұрғыда, лингвист Шерубай Құрманбайұлы латын әрпiне көшудiң қиындықтары болғанымен, латын әрпiне көшу уақыт талабы екенiн айта келiп, кейiнгi ұрпақ қазiргi 42 әрiпке қарағанда 33 таңбадан тұратын латын әлiпбиiн тез үйренiп алады деген ойын бiлдiредi.

Тұтастай алғанда, латын әлiпбиiне қайта көшудi қолдаймыз. Бұл ретте, әсiресе, жастар латын әлiпбиiндегi қазақ жазуын тез игерiп алады. Мектепте ағылшын тiлi пәнiн оқуы, басқа әлеуметтiк-қажеттiлiк жағдайлары олардың жаңа алфавиттi жылдам меңгеруiне мүмкiндiк жасайтыны сөзсiз. Мемлекет тарапынан жасалатын кешендi iс-шаралардың нәтижесiнде орта буын, аға ұрпақ та латын әрпiндегi қазақ жазуын тез игеруi бек мүмкiн. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» дегендей, мемлекет деңгейiндегi iргелi мәселенi бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, жұмыла iске асыру уақыт талабынан туындап отырған мiндет.

Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.

 

Дереккөзі: http://okg.kz/

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*