«Astana musical» театры – оңтүстiкте!

Мақпал ТӨРЕБЕК, Оңтүстік Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың қолдауымен Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында «Astana Musical» театры «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін сахналады.

 

Кеш барысында сөз алған театрдың негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын құрылған тұңғыш мамандандырылған театрдың репертуарында 5 қойылым болса, соның ішінде «Қыз Жібек» мюзиклінің орны бөлектігін айтты.

– Өткен жылы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде «Қыз Жібек» мюзиклін сахналадық. Көпшіліктің құрмет-қошеметінде шек болған жоқ. Өйткені, қойылым этно-фольклорлық аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста ұсынылды. Жасыратыны жоқ, бүгінде көпшілік фонограммадан шаршаған. Бұл «Қыз Жібектің» операдағы, балеттегі және драма театрдағы «Қыз Жібектерден» ең басты айырмашылығы осы, – деді А.Маемиров.

Сонымен қатар, көрермендер шырайлы Шымкентке егемендік алғаннан кейін алғаш рет келген кино және театр әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешованың әйгілі көркем фильмді түсіру кезіндегі оқиғалардан естеліктерін сүйсіне тыңдап, қазақтың Қыз Жібегіне айналған өнер иесіне қошемет көрсетті.

Ал, мюзиклге келсек, бұл спектакль Төлеген мен Бекежанның Қыз Жібек үшін тайталасы, Төлегеннің қызғаныштың құрбанына айналуы, сұлу Жібектің сүйіктісінсіз ғұмыр кеше алмауы секілді тартысты да қызықты оқиғаларға құрылған. Бекежанның қолынан қаза болған Төлеген мен Қыз Жібек о дүниеде қауышады. Қойылымда бата беру, жоқтау, көңіл айту, қоштасу, айтыс секілді ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрініс тапқан. Жібектің рөлін сомдаған Инабат Ризабекова мен Төлеген образындағы Оразәлі Игіліктің, Бекежан рөліндегі Расул Усмановтың талассыз талантына тәнті болған көрермен ризашылықтарын толассыз қол соғумен білдірді. Осындай қошеметке бөленген шығармашылық ұжым қойылымнан бөлек көпшіліктің сұрауымен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрермендермен қимай-қимай қоштасты.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өнер көрсеткен труппа Шымкенттен соң Атырауды бетке алды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*