Асқар есімі асқақтаған күн

Созақ ауданында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Шарада Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан іріктелген 14 үміткер бақ сынады.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тіл мәдениетін көтеріп, талантты жастарды таныту мақсатында ұйымдастырылған сайыста А.Сүлейменов шығармаларынан үзінділер оқылды.

Байқауға ҚР мәдениет қайраткері, ақын Мыңжасар Асқаров, ҚР құрметті журналисі Есенбек Кенжеғараев, ақын Гүлнәр Өмірбек, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы Мәдина Айтпенбетова, аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Мақсат Қарғабай қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде созақтық Асхат Айдүйсеновке бұйырса, І орынды мақтааралдық Аида Әбді жеңіп алды. Жүлделі ІІ орын бәйдібектік Мәди Сәулебекке, ІІІ орын арыстық Ақшолпан Тәукебаева мен созақтық Күләш Нысанбекке бұйырды. Ал, Отырар ауданынан келген Өркен Асан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Айта кетейік, жүлделі орын алғандарға 50-150 мың теңге, ал, қалған қатысушыларға 30 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ, Созақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*