Жалған ақпарат пен «қате» пікірлер ғасыры

Қырық рет қайталанған өтірік шындық ретінде қабылданады

СРАС телеарнасының президенті, Канададағы беделді медиа тұлғалардың бірі Кэтрин Кано «біз ақпараттың анықтығы мен шынайылығын қадағалауды қолдан жіберіп алдық. Өткен айдағы сауалнама кезінде канадалықтардың 80 пайызы жаңалықтың фейк екенін бірден анықтай алатынын айтты. Бірақ солардың 63 пайызы тест кезінде шындықты ажырата алмады. Бұл оңайға соқпайды. Өйткені шын сияқты көрінеді. Бүгін не болып жатыр? Адамдар мәтінді түгел оқымауы да мүмкін. Тек тақырыбын ғана оқып, ары қарай кете береді», деді. Кэтрин Каноның айтуынша, айналадағы жаңалықтар мен ақпараттар ағыны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке көбейді. Бұл өз кезегінде жалған ақпараттардың көбею қаупін тудырады. Осы орайда, біз қаптаған күмәнді ақпараттарға бірден сене салмай оны тексеруді ұмытпауымыз керек. Қазіргі ақпарат тарату саласы түсінігі айналадағы болып жатқан мәселелерге қатысты азаматтық ұстанымыңыз бен ойыңызды, пікіріңізді білдірумен тығыз байланысты бола бастады. «Сонымен қатар, өзіңізге тікелей қатысы бар ақпараттарды белгілі бір адамдармен бөлісуіңіз де еріксіз түрде жаңалыққа айналады. Ал белгілі бір мәселеге қатысты айтылған пікірлерге дәлел немесе сол туралы бұрын айтылған сөздер болмаса, көпшілік үшін бұл сенімді ақпарат бола алмайды. Сізден дәлел талап етіледі. Тіпті, егер ақпарат дұрыс болмаса да, ол туралы көп айтылып, көп жазылып жүрсе, халық оны ақиқат ретінде қабылдайды. Бұл көпшіліктің ойын адастыратын мәселе. Технологияның дамуымен пайда болған осы мәселелерді шешуде біз қайтадан технологияның соңғы жаңалықтарына жүгінеміз. Сонымен қатар, қазір кез келген адам тек өзінің естігісі келген ақпаратын ғана тұтына алу мүмкіндігіне ие болды. Яғни адамдар айналадағы ақпараттарды таңдап тұтынады. Бұл да біржақты көзқарастың қалыптасуына ықпал ететін фактор», – дейді СРАС телеарнасының президенті.

Жалған ақпараттың тарамауына алдымен үкімет мүдделі

Өз кезегінде Британияның «Trafalgar Strategies» компаниясының негізін қалаушы Джайлс Кеннигам «фейк-жаңалықтың қаптауы Шығыстағы да, Батыстағы да демократияға зор қауіп төндіреді» деген пікірде. Ақпарат кеңістігіндегі төңкеріс үшін тамаша нәрсе болған Интернет жалған жаңалықты таратуға арналған платформаға айналды. Фейк-жаңалық туралы айтқанда, Фэйсбук басты кінәлілердің бірі саналады. Адамдар күн сайын 35-40 минут уақытын әлеуметтік желіге жұмсайды. Жаңалықты сол жерден оқиды. «Бұл жауапсыздық. Осының бәрі шынайылықты қамтамасыз етудің қатаң шарасын қажет етеді. Жаңалықтар жоюшы күшке емес, шын мәнінде әлеуметтік институттардың бір бөлігіне айналуы тиіс», деді Кеннингам. «Әлеуметтік желіге белгілі бір бақылау қажет. Меніңше, сенімді, беделі бар дәстүрлі ақпарат көздеріне қайта оралған дұрыс. Бәлкім, бұл орайда мемлекеттік реттеуді құптамайтын да шығармын. Бірақ қандай да бір қысым болуы керек» деп жалғастырды өз сөзін. Кеннингамның айтуынша, интернеттің пайда болуы ақпарат саласында революция жасады. Ең бастысы, интернет арқылы адамдар өз пікірлерін білдіру мүмкіндіге ие болды. Ал жалған ақпараттардың пайда болуына келер болсақ, әлеуметтік желілердің дамуы осыған қарқын берді. «Әрине, бұл ақиқатқа қатер төндіретін мәселе. Бұл тұрғыда саясат пен жалған ақпараттың байланысы туралы айта кету керек. Өздеріңіз де білесіздер, АҚШ президенті Дональд Трамп осы мәселе туралы журналистердің өздерін айыптап, жалған ақпараттың тарауына ақпарат құралдарының қызметкерлерін кінәлі деп атаған еді. Ал ақпараттың шын-өтірігін тексеру мәселесіне келер болсақ, ең алдымен жалған ақпараттың тарауынан үкімет көп зардап шегетінін ескерсек, оның тарамауына ең алдымен мемлекеттік билік мүдделі», – дейді британиялық сарапшы.

Азаматтардың жеке бас құпиясы қатерде

Ал «Лос-Анджелес таймс» басылымының атқарушы вице-президенті III (үшінші) Шелби Коффидің пікірінше, қазір азаматтардың жеке бас құпиясы үлкен қатердің алдында тұр. «Индустрияландыру дәуірінде жалған ақпарат пен дұрыс ақпараттың ара-жігін ажыратуға қажеттілік арта түсті. Ал телеарналар арқылы ақпарат тарату кезеңі басталған кезде ақпараттың шындығын тексеру оңай бола бастады. Ал қазір технологиялық даму жағдайында біз қайтадан кері кете бастадық. Қазір кез келген адам ақпарат тарата алады. Кез келгеніміз репортерміз. Әлеуметтік желідегі жазбалардың кез келгені қоғамда пікір тудыра алатындай қуатты. Егер ғалымдар Гуглдың пайда болуымен әлемдік ақпарат кеңістігі бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілгенін айтса, ал Марк Цукербергтің фейсбукті ойлап табуымен әлемдік ақпараттардың арнасы одан сайын кеңи түсті. Ақпарат тарату саласы осындай өзгерістерге ұшырап жатқанда коммуникация, яғни байланыс жағы да бір орында тоқтап тұрған жоқ», – дейді Лос-Анджелес таймс басылымының өкілі. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер ең алдымен коммуникацияны, содан кейін ғана ақпарат айдынын кеңейтті. Бұл тұрғыда коммуникацияның адамдардың жеке бас құпиялықтарын сақтау-сақтамау мәселесіне де көңіл аударуға қажеттілік туындайды. Технологияның дамуы жекелеген адамдардың жеке бас құпиялықтарының қамтамасыз етілу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Сөз соңында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев біздің шенеуніктердің халықпен кері байланысы мен ақпарат таратуында жеделдіктің жоқтығын сынады. Шақырылған сарапшылардың пікірінше, қазақстандық шенеуніктер өз жұмысы туралы сапалы ақпарат берілуіне мүдделі болуға тиіс. Алайда коммуникация мен оперативтілік жағынан түйткілдер де баршылық. «Менің ойымша, бұл тек Қазақстан мен халықаралық журналистер ғана бас қатыратын мәселе емес. Сапалы коммуникацияны ұйымдастыру ісінде билік пен тұрғындар да көмек көрсетсе болар еді», – деді министр.

Бауыржан Мұқан

Дереккөз: http://abctv.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*