Ынтымақты елдің ырысы мол

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.
Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ел аумағында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осының нәтижесінде Қазақстан ынтымағы жарасқан, ырысы артқан елге айналды. 
Бүгін біз Ұлы даланың ұлағатымен Мәңгілік Ел құруға қадам бастық. Күн сайын құбылған замананың иіріміне төтеп беретін қуатты мемлекетті қалыптастырдық. Елеулі өзгерістер қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Жалпыұлттық жаңғыру саяси-экономикалық салалармен қатар, азаматтық санаға да серпіліс алып келмек.
Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының берекелі шаңырағына топтасқан этностар қашанда елдігімізді танытар игі бастамаларға қолдау білдіріп, ырысты ынтымағымыз бен берекелі бірлігімізді бекемдеу жолында жүйелі жұмыс істеуде. 
Халқымызда «Бір күн ұрыс болған жерден қырық күнге дейін береке кетеді» деген даналық бар. Осыны мықтап ұстанған біздің ел біртұтастықты ту етіп, ауызбіршілікті мақтан тұтады. Мемлекетіміздің басты байлығы – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау ісіне әрбіріміз жауаптымыз. 
Мемлекет құраушы ұлттың қайсібір тарихын парақтасақ та ең алдымен ынтымаққа, татулыққа үндейтін ұлағатты өсиеттеріне кезігеміз. Парасатты елдің пайымдауы да жоғары болмақ. Ынтымағы жарасқан қоғамның ырысы артады. 
Құрметті жерлестер! Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Баршаңыздың шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін! Отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі

Дереккөзі: ontustikgov.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*