Астана – бейбітшілік пен болашақтың қаласы

Құрметті түркістандықтар!

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тарихи оқиға. Сарыарқаның төрінен бой көтерген елордамыз — Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Сіздерді осынау мерейтоймен шын жүректен құттықтаймыз. 

Астана — болашаққа сеніммен қадам басқан азат елдің бас ордасы. Орта Азия ғана емес, күллі Еуразия құрлығының әсем шаҺары. 

Бүгінде Астана әлемдік саясатта орны бар қалаға айналды. Елорданың төрінде ЕҚЫҰ-ның саммиті, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде өткізілді. Бас қалада әлемдегі түрлі әскери және саяси шиеленістерді шешу бағытында халықаралық жиындар ұйымдастырылды. Жұмыр жердің көшбасшылары Астанада өз ұстанымдарын айтып, бейбітшілік жаршысы бола білген қазақ халқына алғыстарын білдірді. Астананың авторы — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық дара қабілетін жоғары бағалады.

Бүгінде Астана күллі қазақ баласын біріктірген ұлы ордаға айналды. Қазақстандықтардың асқақ арманы мен ұлы мұраттарын жүзеге асыратын ірі мегаполис ретінде көшбасшылық міндетті абыроймен атқаруда. Ерке Есілдің жағасындағы бұл шаҺар көз алдымызда гүлденіп, дамып келеді. Аз уақытта қаланың экономикасы мен даму динамикасы көтеріліп, ішкі жалпы өнім өсті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар осында жұмыс тапты. Армандарына қол жеткізді.  Қаланың мұндай дәрежеге көтерілуі қазақ халқының бірлігі мен еңбегінің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі. 

Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы — жалпыұлттық мереке. Астананың тойы — қазақтың тойы. Түркістан облысының тұрғындары да Астананың дамуына үлес қосып келеді. Біртұтас Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында әрбір қазақ еңбек етуі тиіс. Ал, ұлтты ұлы істерге жұмылдыруда Астананың орны ерекше. Ендеше Астанамыз мәңгілік жасай берсін. Мереке құтты болсын, құрметті қауым!

 

Ж.Түймебаев,Түркістан облысының әкімі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*