Түркістан облысы, жылыту маусымы, селектр, жаңа оқу жылы

Жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындық талқыланды

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің селектр мәжілісі өтті. Жиында мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, өңірдің жылыту маусымына әзірлігі және Түркістан қаласын дамыту мәселесі сөз болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тиісті сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жаңа оқу жылына дайындық мәселесін назарда ұстау керектігін айтты. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін мектептердің жаңа оқу жылына дайындау, құрылысы жүріп жатқан білім ұяларының сапалы әрі уақтылы тапсырылуын жіті қадағалауды жүктеді.Сонымен қатар, жиында жылыту маусымына дайындық шаралары да сөз болды. Өңір басшысы күз және қыс мезгілдерінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ешбірінде жылу мәселесі болмау керектігін шегелеп айтты.

— Облыстағы жылу электр станцияларының дайындығын пысықтап, жылу жылу қазандықтары мен жүйелерін алдын ала тексеруден өткізген жөн, — деді Ж.Түймебаев.

Селектр отырысында Түркістан облысы мен оның орталығы — Түркістан қаласын дамыту жолдары да талқыланды. Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыруға Елбасының өзі бастамашы болып, қолдап отыр. Алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» секілді алпауыт акционерлік қоғамдар да Түркістанның дамуына тікелей атсалыспақ. Облыс әкімі Түркістанды түлету бағытында әрбір аудан мен қала әкімдіктері де үлес қосулары керектігін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*