Диқан, егін, ауыл шаруашылығы, Түркістан облысы,, қарбыз, Жетісай

Жетісайлық диқандардың жетістігі көп

Биыл Жетісай ауданында 77 мың 274,6 гектарға егіс егілген. Оның 3312,3 гектары ескі жоңышқалық саналады. Биыл жетісайлық шаруалар жоңышқалықтан гектарына орта есеппен 164,8 центнерден өнім алуда. Қазірдің өзінде жалпы алынған өнім көлемі 54576,0 тоннаны құрады. Жоңышқалықтың кемінде 5 рет өнім беретінін ескерсек, бұл көлем тағы да арта түсуі мүмкін.
 
Жыл басынан бері жетісайлық диқандар 30275,0 гектар алқапты билогиялық әдіспен, 18838 гектарды химиялық әдіспен өңдеуден өткізген. Онсыз тағы болмайды. Соңғы жылдары мақта дақылының өсіп, жетілуіне кедергі келтіретін зиянкестер қатары да артып отырғанын жасыруға болмас. Дегенмен мұндағы шаруалар мақтасын зиянкестерге жегізіп қатарап отырған жоқ. Шама-шарқы келгенше күресуде. Бүгінде Жетісай ауданында мақта егістігінің жалпы көлімі 48226,8 гектарды құрап отыр. Мақта егістігінің көлемі жағынан Жылысу ауыл округі көш басында келеді. Биыл жылысулық диқандар 6477,9 гектарға мақта дәнін сепкен.
 
Ауданымызда күріш егу үрдісі де қалыптасып келеді. Биыл ауданда жалпы егілген күріш көлемі 437,0 гектарға жетті. Күріш егуде 120 гектармен Мақталы ауыл округінің диқандарына ешкім бәсекелес бола алмайды.
 
Жетісайлық диқандар маш егуден де қалыс қалып отырған жоқ. Маштың аудандағы жалпы көлемі 86 гектарға жеткен. Биыл ауданымызда 4378 гектар жерге дәнді жүгері егілсе, оның 63 гектары Мақталы ауыл округінде жайқалып тұр. Сондай-ақ, ауданымызда 1840 гектар жерге сүрлемдік жүгері егілсе, оның 434 гектары Қызылқұм ауыл округіне тиесілі.
 
Жетісайлық диқандарға картоп егу ісі де қат емес. Биыл ауданда 85 гектар жерге картоп егілсе, диқандар әр гектардан орташа есеппен 171,7 центнерден өнім жинаған. Ал жалпы алынған өнім 1459 тонны құрады.
 
Биыл жетісайлық бағбандар 839 гектарға қырыққабат егіп, бас-аяғы 30701,0 тонна өнім жинаған. Қырыққабат егу ісінде Атамекен ауыл округі 370 гектармен алдына қара салдырмай келеді. Бұдан бөлек, ауданымызда 218 гектарға баклажан, 270 гектарға балгар бұрышы егілген.
 
Биыл ауданымызда 15019 гектар жерге бақша өнімдері егіліпті. Әзірдің өзінде алынған өнім көлемі 405046,2 тоннаға жуықтаған. Оның ішінде 8621 гектарға қауын егілсе, гектарына 269,3 центнерден өнім жиналуда. Қазірдің өзінде диқандар қауыннан 232184 тонна өнім жинап үлгерген. Бұл көлем күннен күнге артпаса, кемімейді. Өйткені қауын жинау науқаны әлі де жалғасуда.
 
Ал қарбызға келсек, биыл жетісайлық диқандар 6397,8 гектарға қарбыз ексе, өнімділігі гектарына 270 центнерге дейін артқан. Бүгінге дейін ауданымызда 172862,2 тонна қарбыз өнімі жиналып, арысы Еуропа, берісі Ресей елдеріне жөнелтілуде. Рас, соңғы жылдары мырзашөлдіктер қауын-қарбыз өсіруде Орта Азияда көшбасында келеді. Бүкiл республикаға «ақ алтын» өсiрумен танылған іріленген Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда
 
қауын-қарбыз егумен түпкілікті айналысуда. Мұндағы диқандар шамамен жылына 650-700 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинайды. Соның шамамен 450 мың тоннадайы экспортқа жол тартады. Қарап отырсаңыз, жаман көрсеткіш емес. Пайдаға белшеден батып қалмаса да, күнкөріске кәсіптері жарап-ақ тұр. Мырзашөлдіктердің қауын-қарбыз өсіруді жетік меңгергені соншалық, мұнда бақша дақылдарының экспортқа жарамды неше түрлі сұрыптары өсіріледі. Бұл да болса диқандардың сұранысқа қарай икемделіп алғанының көрінісі.
 
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*